«Ахмет Байтұрсынұлы — ұлттық тарихымызда
ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға»
Әбіш Кекілбайұлы


        Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО аясында атап өтіледі.
«Бір ел — бір кітап» республикалық акциясына 2022 жылы мемлекет қайраткері, ғалым, ақын, публицист, ағартушы және реформатор Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-әдеби еңбегі таңдап алынды. Көпшілік оқырмандар «Ахмет Байтұрсынұлының әдеби шығармалары», «Ахмет Байтұрсыновтың қанатты сөздері мен өрнектері», «Қазіргі ғылымдағы Байтұрсыновтану» тақырыптары бойынша оқитын болады.
        Ахмет Байтұрсынұлы бай ғылыми мұра қалдырды. Ол түркітілдес халықтардың бірлігін берік жақтаушы, лингвистикалық ғылымының негізін салушы, қазақ әліпбиінің авторы. Ахмет Байтұрсынұлы — «Қазақ» газетінің редакторы, Алаш Орда көсемдерінің бірі.
       А.Байтұрсынұлы — қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. Байтұрсынұлы ұйымдастырып, бас редактор болған «Қазақ» газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. «Қазақ» газеті халықтың рухын сергіткен ірі құбылысқа айналды. Байтұрсынұлы — әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Абайдың қоғам өмірінің демократиялық құрылысы туралы ойларын дамытып, саяси-әлеуметтік жағдай, оқу-ағарту, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы мәселелерді қозғады. Қазақ зиялыларының жан-жақты білімдар әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда Байтұрсыновтың публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшан-теңіз. Ол — қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор.
       Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжінде «Ұлт ұстазы — Ахмет Байтұрсынұлы» атты бұрышы ұйымдастырылды. Ұлт ұстазының «Ақ жол», «Әдебиет танытқыш», «Тіл құралы», алты томдық шығармалар жинағы, «Қырық мысал» аудармалары, өмірі мен шығармашылығына арналған кітаптар топтастырылған.
        ХХ ғасырдың басында ұлт тәуелсіздігі мәселесін көтере отырып, ұлттың рухани-мәдени өрлеу жолында жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш қайраткерлері туралы кітаптарды оқуға болады. Жыл бойы Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін, ғылыми еңбектерін, аудармаларын оқу марафондар, дауыстап оқу, челлендждер ұйымдастырылады.