2023 жылдың 22-27 маусым күндері аралығында Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжінің 1 курс ер балаларына «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні бойынша далалық-оқу жиыны өткізілуде.
Аталған жиынның мақсаты - алғашқы әскери дайындық бойынша дағдыларды меңгеруге және қалыптастыруға мүмкіндік беретін, зерделенген теориялық мәселелерді іс-тәжірибеден өткізу және де білім алушылардың патриотизм сезімін оятып, Отанды қорғау ісінде жауапты көзқарасты тәрбиелеу болып табылады.
«Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің ұйымдастырушы-оқытушысы А.Әзімханның бастауымен, далалық-оқу жиынының алғашқы күні Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігіне қарасты Алматы қаласындағы Әскери техникалық мектебінде өткізілді.
Жас сарбаздар ол жерде әскери қызметшілердің казармадағы тұрмысымен, әскери қызметшілердің оқу орындарымен, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қолданысындағы бар қаруларымен танысты.
Әскери мектеп ауласында оқу қаруларын ұстап көріп, автомат қаруының тазалануы үшін жартылай бөлшектеп және жинақтау тәсілдерін орындады.
Сонымен қатар, мектеп ішінде орналасқан әскери мұражайдағы тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени және рухани құндылықтарды тамашалап, әскери өмір туралы үлкен әсер және тәлім-тәрбие алды.
Сондай-ақ, далалық-оқу жиынның қалған уақыттарында жас сарбаздар саптық, спорттық дайындықтарын жетілдіріп және де қаруды ату тәсілдерімен жаттығуларын жалғастырады.