«Әйел деген әдемі ғой, әдемі, Әдемілік бізге көптік етпейді» деп Мұқағали атамыз жырлағандай, әлемнің бар асылына тең нәзік жанды қазақ арулары сол әдемілікпен қоса батырлығы мен батылдығымен атағы алысқа тараған. Тамырын Тұмар ханымнан бері тартқан тарихқа көз жүгіртсек, Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Бопай ханшайым сынды батыр жүректі, абыз саналы аналар ел жадында. Тек отбасы ошақ-қасында ғана емес, күйбең тіршіліктен бір уақыт бой түзеп, ел бірлігі мен баянды болашағы үшін маңызды мәміленің ұйытқысына айнала білген, қазақ әйелдерінің отбасындағы білгір саясаткерлігі мен бойына сіңген бекзат болмысы бүгінгі күнге де келіп жетті. Балаларымыз бен немерелеріміздің адами келбеті, ұлт болашағы – тек солардың аялы алақанында. Себебі үйде, түзде де бақыт пен мейірім әйел қолынан тарайды. Әйел-Ана - өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры, ыстық ықылас пен ыждаһаттың, пәктік пен тазалықтың қайнары. Еліміздің сән-салтанаты мен колледжіміздің мерейінің үстем болуында қашанда нәзік жандардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының қарымды үлесі жатыр.
Олай болса, әріптестер, аналар, қыздар Сіздерді ару көктемнің алғашқы мерекесі 8 – наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Көктемнің гүліндей құлпырып, әсемдіктің, әдеміліктің, әдептіліктің иесі болып, бақытты да баянды өмір кешіңіздер. Дендеріңізге саулық, көңілдеріңізге шаттық, от басыларыңызға құт-береке, ауызбірлік пен тыныштық тілеймін. Көктемнің осынау шуақты мерекесі көңілдеріңізді нұрға, жүректеріңізді жырға бөлесін.
Ізгі тілекпен: колледж директоры Ж.Л.Жаниязова