Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
Бүгінгі күні демократиялық қоғам құрудың басым міндеттерінің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Сыбайлас жемқорлықпен күрестің өзектілігі оның жан-жақты болуы қажеттігінде. Тек мемлекеттің ғана емес, еліміздің барлық өңірлеріндегі барша азаматтық қоғамның біріккен күш-жігері қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, біріншіден, мемлекеттің тұрақты және тынымсыз қызметіне, екіншіден, қоғамның қырағы бақылау нысанасына айналғанда нәтиже болмақ.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап сыбайлас жемқорлықпен күрес республикамыздың мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі болды. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (1998 ж.) және «Мемлекеттік қызмет туралы» (1999) заңдарын қабылдады, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы мемлекеттік орган құрылды. Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды, онда озық халықаралық тәжірибеге сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың практикалық шаралары мен тетіктері қарастырылған. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырудың жаңа тетіктері мен құралдары қамтылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен мінез-құлықты қалыптастыруға, қоғамдық бақылауды күшейтуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықты тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға басты назар аударылады.
Білім және ғылым министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасын сақтау жөніндегі комиссия құрылып, жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды.