Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен  «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» жобасы жеңімпаздарын онлайн марапаттау рәсімі болып өтті. Топ жарып шыққан үздік студенттердің қатарында Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжінің студенті Тірібосынов Айтөре Еркінұлы да бар.

Үздік студенттерді таңдау жобасының өткізіліп келе жатқанына биыл – екінші жыл. Оның басты мақсаты – қоғамның әлеуметтік саяси белсенді азаматтарын қалыптастыруға, адалдыққа жетелеуге, дарынды және бастамашыл жастарды тәрбиелеуге, студенттердің рухани және өзіндік дамуына ықпал етуге бағытталған. Байқаудың республикалық кезеңіне Қазақстанның 17 өңірінен 338 студент қатысып, жеңімпаздар онлайн дауыс беру арқылы анықталды. 

Санитарлық ахуалға байланысты биылғы марапаттау онлайн пішінде ұйымдастырылды. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова министр Асхат Қанатұлы Аймағанбетовтың ақ тілегін жеткізіп, жеңімпаздарды Бас мұғалімнің атынан арнайы дипломдармен марапаттады. Сонымен қатар, үздік стуенттерге өңірлік меценаттар тарапынан дайындалған сыйлықтар ұсынылды. 

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтың дипломына ие болған топжарғандардың қатарында Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжінің 2 курс студенті Тірібосынов Айтөре Еркінұлы да бар. Колледждің «Қонақ үй қызметтерін ұйымдастыру» мамандығында білім алып жатыр. «ҚР колледждерінің ТОП-100 студенті» байқауының алдыңғы сапынан көрініп, дарындылығы мен көшбасшылық қабілеті үшін үздік боп танылған Айтөре шығармашылыққа жақын шәкіртіміз. Колледжіміздің дамуына белсене атсалысып, қоғамдық-саяси жұмыстардың үнемі басы-қасында жүретін, шәкіртіміз мәнерлеп өлең оқу, шығармашылыққа бейім. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, үнемі ізденісте жүретін және  қайырымдылықпен айналысатын өнерлі студент.

Онлайн марапаттау рәсіміне қатысып, ондағы салтанатты жиынды тамашалаған колледж басшылығы мен оқытушылары және студенттері Айтөреге  деген тілектестігін жеткізіп, білім ордасында әлі талай үздіктердің шыға беретініне сенім білдірді.