«Жер жәннаты - Жетісу» атанған Алматы облысының табиғаты сан алуан. Бұл аймақтан қаңсыған шөлді де, көсіле аққан көлді де, зәулім тауды да кездестіруге болады. Сондықтан, Алматы облысының көркем табиғатын тамашалауға еліміз бен шет елден келушілер саны күннен-күнге артып келеді.
Түрген шатқалы – Алматыдан шығысқа қарай 70 шақырым жерде орналасқан, Іле Алатау табиғи паркінің көрікті жерлерінің бірі саналады. Табиғаты көрікті, ауасы саф, суы таза Түрген шатқалы флора мен фауна әлеміне өте бай. Мұнда құрғақшылыққа төзімді Семенов үйеңкісі, Мушкетов кургавкасы, жабайы өрік ағашы, Сиверс алмағашы, қайың мен терек, қылқанжапырақтылардың түрлері, оның ішінде шырша қаулап өседі. Түргенде бұтасын өсімдіктерден қарақат, бөріқарақат, таңқурай, бүлдірген, қойбүлдірген, итмұрын т.б. өседі. Жануарлардан қоян, борсық, тиын, қабан, тауешкі, қасқыр, аюды және жылан мен құстың түрлерін кездестіруге болады.
Түрген шатқалы тек демалуға ғана емес, емделуге де өте қолайлы жер. Іле Алатауынан бастау алатын Түрген өзенінің ағысы қатты, орташа ағу жылдамдығы 3 м/с. Өзеннің жағалауын қаулай Тянь-Шань шыршасы өседі.
Мұнда рафтинг спорты бойынша үнемі жарыстар ұйымдастырылып отырады. Түрген өзенінің сол жақ жағалауындағы магистраль жолынан 19 км. қашықтықта аса терең жерден шығып жатқан жылы киелі бұлақ суы ағзаға өте шипалы болып саналады. Шатқалдағы патша форелін, сазан мен тұқы балығын өсірумен айналысатын шаруашылық, тұйеқұс шаруашылығы мен атқа мініп саяхаттау туры да келушілерді өзіне тартып тұрады.
Түргенде барлығы жеті сарқырама бар. Биіктігі мен әдемілігіне қарай мұндағы екі сарқырама қалғандарынан ерекшеленеді. Соның бірі «Аюлы» сарқырамасы. Бұрындары мұнда аюлар көптеп мекендегендіктен «Аюлы» атауына ие болған. Оның биіктігі 40 метр. Саяхатшылардың басым бөлігі дәл осы сарқыраманың маңында демалады. Географтардың болжамы бойынша, сарқыраманың жасы екі миллион жылға жететін көрінеді.